2026 жылғы 21 қазанда Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті мен Маңғыстау облыстық соты арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында білім алушыларға арналған қонақ дәріс ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында Мұнайлы аудандық сотының судьясы Қазиев Ерсін Айтбайұлы «Құқықтану», «Құқық қорғау қызметі» және «Теңіз құқығы» білім беру бағдарламаларының 2-курс білім алушыларына «Әкімшілік құқық бұзушылықтың жекелеген түрлері: түсінігі мен құрамы» тақырыбында дәріс оқыды.
Дәрістің негізгі мақсаты – білім алушылардың әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы теориялық білімдерін тереңдету, олардың құқықтық құрамын түсіндіру және әкімшілік заңнаманы тәжірибеде қолдану ерекшеліктерімен таныстыру.
Кездесу барысында әкімшілік құқық бұзушылықтардың түсінігі мен негізгі белгілері, құқық бұзушылық құрамының элементтері, сондай-ақ әкімшілік жауаптылықтың құқықтық негіздері қарастырылды. Судья Ерсін Айтбайұлы сот тәжірибесіне сүйене отырып, тақырыптың өзекті мәселелерін түсіндіріп, білім алушылардың сұрақтарына жауап берді.
Мұндай кездесулер білім алушылардың кәсіби құзыреттерін дамытуға, теориялық білім мен сот тәжірибесі арасындағы байланысты нығайтуға, сондай-ақ болашақ заңгерлердің құқықтық ойлау қабілеті мен кәсіби жауапкершілігін қалыптастыруға ықпал етеді.
Ш. Есенов университеті мен Маңғыстау облыстық соты арасындағы ынтымақтастық аясында өткізілетін осындай іс-шаралар білім беру үдерісінің практикалық бағыттылығын арттыруға және болашақ мамандардың кәсіби даярлығын жетілдіруге бағытталған.

